Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі алынып тасталмайды! Себебі, 10 жыл бойы жоспарланған жұмыстың бір сәтте күл-паршасын шығарып жіберу мүмкін емес. Енгізілгеніне 3,5 жыл болған жоба әлі жолға қойылмай жатқан сыңайлы. Мамандар мұның себебін 2 жылдық пандемиямен байланыстырады. Жарайды, сонда 1,5 жыл делік. Осы уақыт аралығында жеткен жетістік қандай? Халықтың қаражатын үнемдедік деген басшылар нені меңзеп отыр?
МӘМС бойынша денсаулығын сақтандырып жатқандардың саны енді артып келеді. Қазірдің өзінде 1 162 238 халықтың 80 % жүйе бойынша медициналық көмек алады. Сақтандырылмағандар саны 231 338 адам. Шымкенттегі жүйенің филиалы биыл 4 айда халықпен 227 кездесу өткізіп үлгеріпті. 5000-ға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Халық бір нәрсені түсіну керек. МӘМС қаржы үнемдеудің жолы. Себебі, бұрын МРТ, КТ секілді процедураларға ақы төлеген азаматтар, енді тегін қарала алады. Ал кезек күту мәселесіне келсек, қазір оң динамика бар екен. Мамандардың айтуынша, жыл басында 3409 КТ/МРТ қызметінің барлығына-дерлігі алғашқы 3 күн ішінде көрсетілген. Былтыр бірнеше ай күтетін болса, тұрғындар қазір дәрігердің қабылдауына 1 апта ішінде кіре алады. Мемлекет «халықтың денсаулығын қорғау үшін бар жағдайды жасап отырмыз, әрі қарайғысы өз қолыңызда» деген позицияда.
МӘМС – әлемдік тәжірибе. Ол халықтың осал топтарының денсаулығын қорғау мақсатында жасалған. Тіркеліп алып, денсаулығыңыздың кепілі ретінде қарасаңыз да, тіркелмей қауіп-қатерде жүрсеңіз де - өз еркіңіз. Алайда, жүйе Сізге уақытылы тексеруден өтуге, скринингтерден қалмауға, аурудың алдын алуға мүмкіндік беретінін ұмытпағайсыз!