Қала әкімі Мұрат Әйтенов Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесті. Тараптар Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер барысында екі қаланың арасында ресми түрде бауырластық байланыс орнатты.

 Кездесу барысында қалалар арасында мәдениет, туризм, ауылшаруашылығы, құрылыс, жол-көлік салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктері талқыланды.  Былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 236,6 млн.АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор.  Қытай тарапы республикадағы үшінші қаланың осындай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Бас консул қыркүйек айында Шымкент делегациясын Сиань қаласында өтетін экономикалық мәселелер талқыланатын ауқымды шараға қатысып, қаланың мүмкіндіктерімен танысуға шақырды.