Шымкент қаласында "Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-шы рет өтті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты.  Олардың арасында шет мемлекеттерден келген желаяқтарда бар.

Таңмен таласа оянып жүгіруге келгендердің арасында қала тұрғындары мен спортшылар, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолиядан келген қонақтар мен еліміздің өзге өңірлерінің желаяқтары бар. Қатысушылар алдымен 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, 10,21, 42 шақырымдарды да еңсерді.

 Биылғы марафонда 5000  жуық адам төбе көрсетіп, салауатты өмір салтын  қолдайтындықтарын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Олардың арасында ең жас қатысушы 10 жаста болса, үлкені 73-ті алқымдаған ақсақал.  

 Аделя Әубәкірова, жарысқа қатысушы
- Елімізде жүгіру спорты жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Міне соның дәлелі ретінде бүгінгі марафонды айтсақ болады. Мен өзім 2 жылдан бері марафонға қатысып келемін. Дайындығым өте жақсы. Жаттықтырушыммен тыңғылықты дайындалдым. Бүгін 10 шақырымды ойланбай бағындырамын деп ойлаймын. Әрмен қарай, жоспарлар көп.

Жарысқа қатысушыларға қала тұрғындарының қолдауы ерекше дем берді. Сондай-ақ, биылғы марафонның қомақты жүлде қоры да қызықтырғаны сөзсіз. Жалпы, 14 миллион теңгеден бөлек, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталып, демеушілер тарапынан ойындар ойнатылды.   

Жарыста барлық қауіпсіздік талаптары сақталған. Марафон Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда өз мәресіне жетті. 5, 10, 21, 42 шақырым бойынша скандинавиялық жүрістен жеңімпаздар анықталды. Айта өтейік, биылғы жарыстың басты ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында да сайыс өткізілді.