«Самұрық-Қазына» қоры ел бойынша отандық кәсіпкерлерге арналған конференция өткізіп келеді. Маңғыстау облысы мен Семей, Атырау, Қостанайда өткен шара енді міне Шымкентте жалғасын тапты. Онда сарапшылар отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін ұсынды. Кәсіпкерлер қордың сатып алуларына қалай қатысуға болатынын үйренді.
«Шымкент қаласында кәсіпкерлік саласын дамыту» атты конференциясы шағын және орта бизнес өкілдері үшін таптырмас алаң. Сондықтан да бұл жиында жергілікті кәсіпкерлер Самұрық-Қазына қорының сатып алу саясатының жаңа моделімен танысты. Ол сатып алу жүйесінің ашықтығын, әділдігін қамтамасыз етуді және отандық кәсіпкерлерді қолдауды көздейді.
Конференция аясында Шымкент қаласының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үш жаққты келісім жасалды. Осылайша тараптар ел ішіндегі құндылықты дамыту және импортты алмастыру саясатын іске асыруда бірлесіп жұмыс істемек.
Іскерлік кездесуде оқыту семинарлары өтті, сарапшылар отандық өндірушілерді қолдау құралдарымен толық таныстырды. Конференцияға қатысушы бизнес өкілдері алдын ала біліктілікті іріктеу тетігі мен Қордың сатып алуларына қатысу жолдарын үйренді. Соның бірі шамамен 10 жылдан бері тігін өндірісімен аналысып келе жатқан Нұргүл Төрезқызы.
Бүгінде үшінші мегополис - Шымкентте өнеркәсіп саласында 900-ден астам ірі, орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Онда 32 мың адам жұмыспен қамтылған. Сондықтан да жиынға қатысушы бизнес өкілдері «Самұрық Қазынаның» мүмкіндіктерін одан әрі пайдаланбақ. Айта кетейік, Ұлттық әл-ауқат қоры 2018 жылдан бастап ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасайды. Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірістер құруды ынталандыратын импортты алмастыру бағдарламасын іске асырып келеді. Нәтижесінде 107 млрд теңгеден астам сомаға 389 офтейк-келісімшарт жасалған.