Шымкенттіктер мемлекеттік бағдарлама негізінде берілген баспаналарының сапасына наразылық тудырды. Айтуларынша «Қолжетімді баспана», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында үстерілген үйлерде тұру мүмкін емес. Халықтың уәжін тыңдаған еліміздің өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі олқылықтың орнын толтыруға бағытталған бастамалармен таныстырды.

Еліміз әлеуметтік әлсіз топты қолдауға қашанда пейілді. Бұқараны баспанамен қамтуда кешенді шаралар қолға алынған. Бастаманың шарапаты сол, мыңдаған шымкенттік үйлі болған-ды. Алайда қоныс тойына жетпей, қуанышы су сепкендей басылған.

Мәселе бұл ғана емес. Талай тұрғын тесік дуал мен ашық шатырдың жырын айтып бармаған жері жоқ. Сапасыз баспанаға қатысты даудың бір ұшы жекелеген компаниялар арқылы сатып алынған үйлерге тиесілі. Мамандар алдағы уақытта үй кезегіндегі азаматтарға тұрғынүй салып, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің пәтерлерін үлестірмек. Сондықтан баспана бағытында сапаға қатысты дау тумайды,-деп сендірді.  
Тимур Қарағойшин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі
- Енді жергілікті әкімшілік үй салмайды. Салынып тұрған жеке космпаниялардың үйін сатып алып береді. Біз қазір 11 мың азаматты баспанамен қамту үшін қаржы бөліп отырмыз. Шымкентте осы бағытта 500 азамат үй алатын болады.

Вице-министрдің айтуынша игі жоба аясында жыл соңына дейін 500 азамат баспанаға қол жеткізеді. Соның арқасында алдағы жылы үй кезегінде тұрған 50 мың азаматтың 12 мыңының мәселесі шешілмек. Ал бүгінгі халық тұрып жатқан үйлердің сапасыздығы нарыққа тікелей байланысты.

Тимур Қарағойшин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі
- Бүгінгі таңда 60 шаршы метрі 9 миллион деген үйлер жоқ. қымбатшылық туындап кетуіне орай, сапасыз үйлер салынды. Халықтан наразылық тудырды. База өзгерді, 60 шаршы метр 12 млн 500-15 млн-ға дейін көтерілді.

Жасыратыны жоқ, соңғы 6 жылда ел аумағында 39 мың пәтер сапасыз деп танылған. Мамандар мәселені үкімет бекіткен баспана бағасының арзан болуымен байланыстырып отыр. Сондықтан қазір нарық шарықтады. Тиісінше әлеуметтік баспаналар алпатуыт компаниялардың атағы аспандап тұрған тұрғынүй кешендерінен үлестірілуі бек мүмкін.