Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шардара ауданының жаңадан сайланған әкімі Арман Қарсыбаев аудан аумағындағы қала, ауылдық округтерді аралап көшпелі кездесулер өткізді. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың тұрғындармен кездесуіне барлық салалар бойынша жауапты орынбасарларымен қатар бөлім басшылары қатысты. Жаңа басшы жаттанды тәсілге салып баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды тізбектемеді. Бұған дейін мәслихат төрағасы кезінде елді мекендердегі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру мақсатында талқыланған мәселелердің жақын күндерде жүзеге асырылатындарын айтып, қосымша зерделеуді қажет ететіндері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, азаматтардың өтініш-пікірлерінің аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

Жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен тұрғындардың хабардар болуын, билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдерін бірігіп талқылауға арналған жиында тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы саласын дамыту  мәселелерін көтерді.

 Елді мекендердің өзекті, түйіні тарқатылуы тиіс салаларын саралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі кездесуден соң жеке мәселелерін айтамын деушілермен де жүздесті. Айтылған, көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына тапсырмалар берді.