Ордабасы ауданында алюминий зауыты ашылады. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Жоба «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан.  


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іссапары барысында нысанның құрылыс жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен пікірлесіп, мемлекеттен тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.  Инвесторларға қолдау көрсетіледі. Әр жобаны жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқару керек. Аудан, қалалардағы жобалар іске асса, облысымыздың экономикасының дамуына үлес қосады деп үміттенімін, – деді облыс әкімі.  Инвестициялық құны 3 млрд. теңгені құрайтын жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз қаржысы  есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарады. Айта кетейік, «Gold Aluminium» зауыты – еліміздегі әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын компаниялардың арасында көшбасшы.


ТРАКТОР ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНДЫ

Сапар барысында облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI»  серіктестігінде болып, ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жоба құны – 7,2 млрд. теңге. Жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы кәсіпорында 50 адам  жұмыспен қамтылып отыр. 2015 жылы салынған зауыт «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Қазіргі таңда зауыт трактордың 5 түрін жинап, қосалқы 3 және 4 корпусты соқа шығарып жатыр. 2023 жылы  200 трактор жиналып, оның 175-і сатылды. «KAZKIOTI» компаниясы арнайы лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама шарттары  бойынша 15 пайыздан бастап алдын ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі 3 жылдан 10 жылға дейін. Дархан Сатыбалды кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, индустриалды аймақтарда осындай жобаларды көбейтуді тапсырды.