Шымкентте құрылысы бітпеген медициналық орталықтан ұрлық жасаған ер адам ұсталды. Полицияға ұрыны анықтауға бейнебақылау камераларының септігі тиіпті. Түркістан облысында да полицейлер бір іске нүкте қойды. Олар  Түркістан балабақшасындағы баланы ұру дерегі бойынша тергеу жүргізуде. Анасының  арызы  бойынша  қылмыстық іс қозғалды.

Шымкентте ер азамат түнгі уақытта құрылысы аяқталмаған ғимаратқа кіріп, қабырғасындағы кабельді қолды етіп, ізін суытқан. Ұрланған сымдардың ұзындығы 2500 метр. Жәбірленушіге келтірілген шығын 2,1 млн теңгені құрады. Оқиға туралы хабарды ала салысымен, Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері қаскөйді іздестіруге кірісті.Жақын маңда орналасқан камералардағы жазбаны тексеру барысында полицейлердің көзіне үлкен орама кабель ұстаған екі тұлға түсті. Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын тонау, ұрлық және бұзақылық үшін сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.