Бүгін 1 сәуір - Күлкі күні. Көктемнің жайма-шуақ шағымен тұспа тұс келетін жайдары мерекеде жақсы жандар бір-біріне күлкі сыйлауға асық. Әзілің жарасса, атаңмен ойна деген қазақ нақылына сәйкес, орынды қалжың-оспақ мереке сәнін кіргізеді. Алайда күлдірем деп бүлдіру, күлкіге қалу, алдау мен арбау көңілге кірбің ұялатыны анық.

Әділет Әнуар, тілші
- Бүгін 1 сәуір - Күлкі күні. Күн сауалы: Күлкі күні ме? Әлде алдау күні ме? Күлдіреміз деп бүлдіріп алмаймыз ба? Бүгінгі таңда күлкі сыйлаудың маңыздылығы қандай?

 Күлкі күні бейресми мейрам. Бірақ сонда да аталып өту аясы кең, тойлау шеңбері жоқ. Бүгінде жақыныңа күлкі сыйлау тіптен оңай. Алыс-жақынды онлайн жүйеде қуанышқа бөлеп, мерейін тасытуға мобильді телефонда түрлі мүмкіндік қарастырылған. Ал офлайн өмірде бүгін қала тұрғындарына көңіл-күй сыйлау үшін Әзіл-ысқақ және сатира театры кереметтей концерттік қойылым қойды.

Аталмыш мереке кеңес үкіметі кезеңінде алдау күні екені айтылып, арнасынан ауып тойланып жүрді дейді белгілі әзіл майталманы Нүржан Құлшынбаев. Кейінірек мұның қате екенін түсініп, мейрамды күлкі күні ретінде тойлап халыққа көңіл күй сыйлап келе жатқанын алға тартады.

Күлдірем деп бүлдіріп алу, алдау, арбау мерекенің құтын қашырады. Күлкі күні деп шала-бүліну, өзгені әжуалап-масқаралау орынсыз. Күлкі сыйлаймын деп күлкіге қалуың әбден мүмкін. Сондықтан да жат әрекеттерден аулақ болып, мерекені мерейлі өткізейік дейді қала тұрғындары.

 Бұған дейін алдау күні ретінде танылып келген бейресми мереке талайды тығырыққа тірегені жасырын емес. Десе де әр әзілдің түбінде шындық, әр күлкінің астарында қуаныш сезімі жататыны белгілі. Сондықтан күле біліңіз, күлдіре жүріңіз!