Қорғаныс министрлігінің өкілдері Арыс гарнизонында халықпен кездесу өткізді. Ақпараттық-түсіндіру топ арнайы жиын өткізіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге жергілікті атқарушы билік әкімдігінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттер басшыларының, мектеп директорларының және қоғам өкілдері қатысты.

ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев биылғы жылдың бірінші сәуірінен бастап әскери бөлім маңайын оқ-дәрілер фрагменттерінен тазарту жұмыстары қайта басталатынын мәлімдеді.   Қорғаныс министрлігі қазір жарамсыз оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету мен оларды кәдеге жарату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Айтылған іс-шаралар «Қауіпсіз ел» жобасы аясында жүзеге аспақ. Жұмысқа саперлік бөлімшелер жұмылғанын хабарлады. Жиналған оқ-дәрі қалдықтары жару әдісімен жойылады. Бақыланатын жарылыстар елден тыс жерлерде, арнайы бөлінген шалғай учаскеде жүргізілетін болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жергілікті тұрғындарға қауіпті емес.  

Департамент бастығы сонымен қоса кездесуге қатысушыларға көктемгі әскерге шақыру барысы және әскерде қызмет еткен азаматтарға берілетін жеңілдіктерге тоқталды. Ол әскери қызмет өткеру кезеңінде борышын өтеуші сарбаз ай сайынғы несие төлемдерінен босатылатынын айтты. Ал қызмет аяқталғаннан кейін запасқа шығарылған адам екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай, ақылы түрде ЖОО-ға түсу құқығын пайдалана алады. Кездесу соңында әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.