Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған жауапты басқарма өкілдері мен тиісті мекеме басшылары қатысып, сәуір-мамыр айларында өтетін іс-шаралар легі талқыланып, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға тасталды. Қалаға келушілер үшін арнайы экскурсия ұйымдастыру барысында жаңа нысандарды қосу жайы айтылды.

Түркістан бүгінде тек облыс орталығы ғана емес, тұтас түркі әлемінің назарындағы туристік қалаға айналып үлгерді. Қасиетті шаһарға еліміздің әр өңірінен бөлек, шетелдік туристер де келіп жатыр.Ұлттық салт-дәстүр мен ән-жырымыз қаланың рухани-мәдени орталығында насихатталып жатуы керек.Өңірде өтетін іс-шаралардың бәрі мазмұнды әрі мағыналы болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары. Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай облыс орталығында 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Былтыр қолға алынған ерекше жоба биыл да жалғасады. Нақтырақ айтсақ, Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күніне орай өткізілетін «Рухани мекенде неке қию» туристік іс-шарасы ұйымдастырылады. Бүгінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылуымен қатар, «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинары, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің қатысуымен «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференциясы, оған қоса жоспарлы шаралар өткізілсе, мамыр айында мерекелік жиындар аталып өтпек.