Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына арнайы барды. Облыс басшысы бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралады. Аймақты дамыту жолдарын қарастырды. Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы цех жұмысымен танысты. Биыл наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына аудан әкімімен барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.

Негізгі қозғаушы күш кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалуы керек. Түркістан облысының әкімі осылай деді.  Жауаптыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Жергілікті өнімді қолдап, экспорт көлемін арттыру маңызды. «Мерген-Н» ЖШС өнімдері елімізден бөлек, Ресейге де шығарылып жатыр.

БИЗНЕСТІ ДАМЫТЫП, ҚОСЫМША ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ КЕРЕК

Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасын сатып алынатын болды. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасымен тігіншілер жұмысқа алынады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Кәсіпорын негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны 408 млн теңге. Іссапар барысында Біртілек ауылдық округіндегі 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы білім нысанын салу барысында сапаға баса назар аударуды атап өтті. Отандық компаниялардың құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жібергені қалтаны қағып отыр. Мердігерлер қосымша қаражаттың қажеттігін жеткізді. Облыс басшысы кішігірім мектеп үшін бекітілген қаражаттың жеткілікті екеніне тоқталып, құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІ СУБСИДИЯ СҰРАП ОТЫР

Облыс басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністер мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 млн. теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылы іске қосылған. 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.