Өткен жылы Шымкентте 651 млрд теңге бюджет шығысы 99,7 пайыз игерілген. Басым бөлігі білім, коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникация, мәдениет, спорт, туризм салаларына жұмсалған. Десекте игерілмеген қаржы да бар. Осы және өзге де мәселелер сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он жетінші сессиясының күн тәртібінде қаралды.

 Сессияда бірінші болып Шымкент қаласының 2023 жылғы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды. Былтыр салықтық емес түсімдердің өзі 300 млн теңгеге артығымен түскен. Үшінші мегаполис бюджет қаражатын игеруде республикалық рейтингте үшінші орында екен. Өткен жылы іске асыруға 1092 көрсеткіш жоспарланып нақты 1062 көрсеткіш орындалған.

Қалада халық қатысатын бюджет арқылы бой тіктеген ойын, спорт алаңшалары баршылық. Бұл күні алғашқы салынған алаңшалардың тозығы жеткен. Кейбір спорттық құралдар қауіпті жағдайда тұр. Маслихат депутаты Альбина Елшиева осы мәселелерді алға тартты.

Сессияда сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполиске тартылып жатқан инвестицияларды сөз етті. Қалаға құйылатын қаржы жұмыссыздық деңгейін азайтып, салықтық түсімдерді көбейтетінін жеткізді.

Айтқандай осы жиында Шымкент қаласы мәслихатының кейбір депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе де қаралды. Экс депутат Жанар Бектаева Астана қаласына көшуіне байланысты мандатын тапсырды. Оның орнына сайлау комиссиясы шешімімен белгілі дәрігер Бақытжан Позилов су жаңа депутат атанды.