Түркістан жерінде Қытайдың бай тәжірибесі негізінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Қазір облыс әкімі ауқымды жобаларға қолдау табу мақсатында аспан асты елінде іс-сапарда жүр. Халықаралық тәжірибе негізінде ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда білім жетілдіру, озық технологиямен қамту, терең өңдеу бойынша, білім, мәдениет, туризм саласында әріптестік нығаяды.

Жұмыс сапарында облыс делегациясы бірнеше провинция мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысады. Жергілікті билік басшыларымен екіжақты байланысты нығайту, әріптестік туралы меморандумға қол қою көзделген. Түркістанда бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 млн АҚШ долларын құрайды. Айта кетейік, Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде жалпы құны 1 млрд 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Қазіргі таңда әкімшілік іскерлік орталықтың аумағынан 11,8 гектар жер учаскесі қонақүй жобасына нақтыланды. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені мен бизнес орталықтарының құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды бастаған делегация көпсалалы аурухана мен ардагерлерге арналған сауықтыру орталығында болды. Құрылысы енді біткен әлеуметтік жоба аурухана, мейірбике орталығы, қарттар үйінен тұрады. Тараптар өңір әлеуетін таныстырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылады. Түркістан өңірінің шаруаларының білімін жетілдіруге арналған үлкен жоба дайындау туралы келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысымен Түркістан қаласы мен Вэйнань қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту, бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды.