Мегаполисте 12 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Нысандардың басым бөлігінде бетон жұмыстары аяқталып, мектептердің қаңқасы тұрғызылған. Балалар игілігіне бой тіктеп жатқан нысандардың сапасы жіті назарда. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков өңірге жасаған сапары аясында Шымкенттегі жайлы мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты.


Халық қалаулысы жаңа Тұрлан шағын ауданында бой тіктеп жатқан білім ұясына арнайы келді. Нысан «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылып жатыр. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстарының 50 пайызы біткен. Жайлы мектептер озық стем-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтармен жабдықталады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады.


«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Қыркүйек айында 9 нысан пайдалануға берілмек. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады. Бұл бір кезекте 17300 оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша мегаполистегі тапшылық едәуір азаяды. Ұлттық жоба аясында Қазақстан бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 369 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл бір кезекте 370 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысы бойынша 208 нысан қолданысқа беріледі. Тағы 151 мектептің құрылысы екінші кезеңде, яғни 2024-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.