Түркістан облысында экстремистік сипаттағы материалдарды таратты деген күдікке ілінген шетелдік азамат ұсталды. Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықтады.
Күдікті Қазақстан азаматтары арасында, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы халықаралық террористік ұйымдардың уағызшыларының бейнероликтерін және терроризм идеологиясын насихаттаған. Материалдарды таратқан радикалды діни идеяларды жақтаушы таяу шетел азаматы екені анықталды. Оның жеке басын тінту кезінде жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер болатын материалдар бар екі ұялы телефонды тәркіледі. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.