Биылғы жаз Түркістан облысының шаруаларына тым қолайсыз болып тұр. Екпіндете соғатын жел мен қайта-қайта жауған жаңбыр піскен астықты оруға мұрша беретін емес. Оның үстіне астық бағасы да диқанның көңілін құлазытып жіберді.
Егін орағына кіріскен техниканың жүргенінен тұрғаны көбейіп барады. Мына шаруашылықтағы 1 мың 600 гектар бидай алқабының жартысы енді жиналды. Аяқ астынан аспанаға бұлт үйіріле қалады да жаңбыр төгіп өтеді. Ол басылғанша тірлік тоқтайды.
Шілдесі тымырсық келетін түстікте биыл жел де басылмай қойды. Салдарынан біраз жердің масағы жантайып құлап, комбайнға ілікпей қалған. Дәннің қамырлығы төмендеп барады. Бидайға күйе түсе бастаған.
Күн райын болжау мекемесі осы аптаның аяғына дейін жел мен жауын басылмайды деп отыр. Тек шілденің соңғы онкүндігінен бастап күн ысиды.
Егін еккен шаруаны астықтың бағасы да шарасыз күйге түсірді. Әзірге тоннасы 60-70 мың теңгеден әрі аспай тұр. Ал бір гектар алқабтың тыңайтқышы мен арамшөпке қарсы себілетін улы химикатының өзіне осыншама қаржы жұмсалады.
Биыл облыс бойынша 282 мың гектарға бидай егілген. Әзірге гектарынан орта есеппен 19 центнерден өнім жиналуда. Шарасыз шаруа енді үкімет тез арада бағаны реттеп, өнімді өткізу тетіктерін қарастырмаса астық ысырап, еңбек өтеусіз қалатын болды деп ашынады.