Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Созақ ауданына барды. Аймақтағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралаған өңір басшысы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, сала басшыларына тапсырма берді.
Облыс әкімі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылыс алаңында болып, мердігерлермен құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Қазір мұнда ішкі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, биыл пайдалануға беріледі. Өңір басшысы сондай-ақ жеке инвестор тарапынан саланып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Жаңа қалашықта 2 пәтерлі 36 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Әр пәтердің аумағы 70 шаршы метрден асады. Бұл баспаналар үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі.
Аймақ басшысы бұдан кейін «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен бірқатар маңызды мәселені талқылады.
Сонымен қатар облыс әкімі Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. КАТКО 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.