Түркістан облысында өндіріс орнын ашып, ауылшаруашылығына жаңа технология ендіремін дейтін жандарға қолдау көп. Ең алдымен мақта кластерін дамытуға екпін беріліп отыр.


Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыру басты бағыттың бірі. Бүгінде Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып жоғарғы сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Жоба құны – 1,5 млрд тенге. Жер көлемі – 1000 гектар.  Сондай-ақ, дәл осы ауданның Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту көзделген. Жоба құны – 500 млн тенге, жер көлемі – 518 га. Мұнда 200 га жерге тұқымдық мақта, 200 га жерге тәтті жүгері және 118 га жерге ащы бұрыш егіледі. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде замануи технологиялар қолданылған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы  жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездесуде айтты.