Автонұр базарына жапсарласа орналасқан сауда қатарлары жанып кетті. Қызыл жалын күндізгі сағат 11:30-дар шамасында тұтанып, желдің салдарынан 500 шаршы метрге жуық аумақты шарпыған. Жеке кәсіпкерлерге тиесілі жерде киім-кешектен бастап тұрмысқа қажетті заттар сатылған.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, асханадан шыққан өрттің лезде таралуына қатты соққан жел әсерін тигізген көрінеді. Жалын дәмханаға жапсарласа орналасқан киім-кешек сататын дүңгіршекке өтіп, одан әрі өрши түскен. Қолдарына ілінген тауарын сыртқа алып шығуға тырысқан саудагерлер түс көргендей күйде жүр.
Оқиға орнына 10 минутта жеткен өрт сөндірушілер 1 сағаттың ішінде тілсіз жауды ауыздықтап, 2-сағатқа жуық арпалысты. Өрт 500 шаршы метр жерді шарпыған.
Жақында ғана қала базарларына тексеріс жүргізген төтеншеліктер жеке кәсіпкер Әбзелбеков пен оған жапсарласа орналасқан сауда қатарынан кемшіліктер анықтаған екен. Қожайындары жауапкершілікке тартылғанымен жағдай реттелмеген. Салдарынан нәпақасын саудадан айырып жүрген азаматтар сорлап қалды. Кәсіпкерлік басқармасы оларға көмек көрсетілетінін жеткізіп жұбатты.
Тілсіз жаудың неден тұтанғанын анықтау үшін оқиға орнында өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр. Жалпы жалынды ауыздықтауға ТЖД 26 бірлік техникасы мен 76 қызметкері жұмылдырылған. Әйтеуір абырой болғанда өртен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.