Түркістан облысында туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Ол туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Әкімнің сөзінше, туристерді тартудың бірден бір жолы – оларға сапалы қызмет көрсету.


Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай жобалар қолға алынбақ. Ақсап тұрған сала – сервис. Тазалық мәселесі тағы бар. Облыс басшысы ең алдымен осындай кемшіліктерді түзеп алуды тапсырды.


Әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Бұл Түркістанға үлгі болуы керек. Сондай-ақ, электрокарлар жұмысын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізу, маршрутын бекіту қажет, - дейді облыс әкімі. Ал салаға жауаптылар Түркістанға келушілер қызмет сапасы мен әжетхана мәселесіне шағымданғанын жасырмады.


 Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуриз мен киелі аймақтарды тамашалайды. Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады.