Түркістан облысында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқу жылына орай өңірде 4 жаңа білім ұясы ашылады. Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп білім күнінде есігін айқара ашты.


 Мектеп мәселесі бұған дейін облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде көтерілген. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, қазір құрылыс аяқталды. Әлеуметтік нысандардың саны ғана емес, сапасы да маңызды - деді өңір басшысы.


Білім саласында үнемделген 19,4 млрд теңге қаржыға 20 мектеп салынып, 300-ден астам білім ошағы жөнделіп жатыр. Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы бар. Оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт аумағы орналасқан.


Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. 13 мектептің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. 2024 жылы облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Мұндай өзгерістерге тұрғындар да дән разы.


 Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеті алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Ол үшін жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісім-шарт арқылы жүргізіліп жатыр.