Түркістан музыкалық драма театрында IV маусымның ашылуына дайындық қызу жүріп жатыр. Жаңа маусымның шымылдығы Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен түріледі.
Театр биыл Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған болатын. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі болған. Автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілген. Спектаклді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысуда. Даңқты композитордың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау шығармашылық ұжым үшін жаңа деңгей болып отыр. Театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі мен хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындайды. Премьераға келген көрермендер Шәмші Қалдаяқов мұражайының экспонаттары мен ойнаған музыкалық аспаптарын тамашалап, суретке түсе алады. Аталған премьераны 4,5,6,7 қазан күндері түркістандықтар сағат 19:00-де тамашалай алады. Билеттер театр кассасында және ticketon.kz сайтында сатылымда.