Мақтааралда мақта кластері дамиды. Бұл ретте, 2030 жылға дейін жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 млрд. 862 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Ауданның экономикалық даму стратегиясы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қарқынды арттыру үшін жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Даму стратегиясында инвестициялық жобаларға басымдық берілген. Мақтаарал ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 млрд. теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындары – 3810. Салықтық түсімдер 2 млрд 451 млн. теңгеге ұлғайып 10 млрд.431 млн. теңгеге жетеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 15,8 млрд. теңге болатын 26 жоба жүзеге асып 541 жұмыс орны құрылады. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 75,3 млрд. теңге болатын 16 жоба жүзеге асып, 3100-ден астам жұмыс орны құрылады деп көзделген. Салықтық түсімдер 1 млрд. 969 млн. теңгеге жетеді деп межеленген. Туризм саласында 11 жоба жүзеге аспақ.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, «Cotton МАКТА» ЖШС тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасын салу жоспарланған. 800 жаңа жұмыс орны ашылады. «Global Textile» ЖШС тарапынан Бірлік ауылдық округінен 10 гектар жерге 13,8 мың тонна қатты және боялған жайма өңдеу фабрикасын салу жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі кезде 10 мың тонна мақта шикізатын қабылдайтын бекеттің құрлысы қарқынды. Жоба құны – 21 млрд.теңге, 1000 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. «Тulpar textile» ЖШС 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салуды көздеп отыр.
Егін шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша 2030 жылға дейін мақтаны 30 мың гектарға, яғни 3,7 мың. гектарға азайтып, өнімділік 60 центнерге ұлғайтылмақ. Мақта дақылының 15 мың гектарын су үнемдеу технологиясымен егу межеленген. Жүгері дақылын 2,6 мыңнан 4,1 мың гектарға, маш дақылын 2,1 мың гектарға көбейту жоспарға енгізілген. Сондай-ақ тұт ағашы алқабы да ұлғаяды.