Тағдыры телеарнада тоғысқандар! Қара шаңырақ «Оңтүстік» телеарнасының эфирге шығып, жұмысын бастағалы бері осы арнада еңбек еткен 15 жұп шаңырақ көтерген. Бүгінде олардың алды немере сүйіп, ата-әже атанған. Телекомпанияда тағдыр табыстырғандардың оқиғасын Лаура Сарман тыңдап шықты.

 Бұл – Қаһарман Сұлтанов пен Қалдыкүл Дәуренбекова. Бірі техника саласының майталманы, енді бірі журналист, ал қазіргі қызметі – үйлестіруші-редактор.  3 бала тәрбиелеп отырған жұптың бір-бірінің жұмысына қатысты түсінбеушілік пен кикілжің болып көрмеген.
 Ал бұл жұптың махаббат бастауы телеарнаның құрылған кезімен тұспа-тұс келеді. Бейнемонтажер мен жас журналистің хикаясына сол кездегі ұжым куә. 5 қараша - телеарна режиссерінің өз әріптесі әрі серігі Бахыт Байларовтан бір шоқ гүл алатын күні.  

Телеарнада табысқан жұптар бір-бірінің жүгін бірге көтереді. Өмір баспалдағымен қоса, мансап сатысына да бірге шығады. Олардың тұрмысы да жұмысы да ортақ болғандықтан, шығармашылық адамына ең керегі – қолдауды бере біледі.

 Телеарнада тағдыры тоғысатындардың легі мұнымен шектеліп қалмас. Әлі де талай жан өз махаббатын осы қарбалас қым-қуытта кезіктірері айқын. Мәселен, телеоператор Нұрберік Тұрғын да өз жұбын осында тапқан.

 «Оңтүстік» телеарнасы жаңалық тарату, талқылау алаңы ғана емес, отбасылық құндылық пен берік байланыс орнататын мекенге айналды. Осы 15 жұп – телеарна тарихының ажырамас бөлігі болып қалады. Сондықтан, бұл мерейтой – тек кәсіби жетістікті атап өту емес, сүйіспеншілік пен қолдаудың арқасында нығайған отбасылардың да мерекесі.