Еңбекке адалдық пен шәкіртке қамқорлықтың жарқын үлгісі. Шымкенттік ардагер ұстаз Адиса Мүсірәлиева туралы осылай деуге болады. Оқушыларының озық үлгіде білім беретін ұстаз жаңа әдістерді енгізу арқылы сабағын қызықты әрі тиімді өткізеді. Интербелсенді әдістерді, ойын түріндегі жаттығуларды, цифрлық технологияларды қолдану арқылы оқушыларды тіл үйренуге ынталандырған.
«Анам есімімді ырымдап қойған», - дейді Адиса Абашқызы. Атының өзі анасына сабақ берген ұстазының құрметіне беріліпті. Өзінің өмір жолын да сонымен сабақтастырады. Бала күнінен мұғалім болуды армандап, таңдаудан қателескен жоқпын деп есептейді.
АДИСА МҮСІРӘЛИЕВА, №23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ
- «Бала күнімізден мектеп ойнайтынбыз. Сол кезде көбіне мұғалім рөлі маған тиетін. Мектеп оқып жүргенде ұстаздарымыз мықты болды, соларға еліктеп өстік. Сондықтан, осы мамандықты өмір бойы атқарып, жүгін арқалап келемін»
Ардагер ұстаздың оқушылары Адиса мұғалімнің сабағы тек грамматика мен ережелерден емес, сыни ойлау мен пікір алмасу алаңынан тұрады дейді. Сабақ барысында әр бала өз ойын еркін айтуға құқылы.
БАЛЖАН ТҰРҒЫНБАЙ, ОҚУШЫ
- «Мәселен, бір шығарманы өткен кезімізде Адиса Абашқызы бізге түрлі ойландыратын сауалдар береді. Бұл сол туындыны жан-жақты талқылап, талдауға зор мүмкіндік. Бізді сыни ойлау мен парасатты пайымдауға үйретеді»
Ұстаздың әріптестері де оның өзгеше әдіс-тәсілдеріне тоқталды. Әр сабағында оқушыларын шабыттандырып, бейне сабақтар мен креативті тапсырмалар беретінін айтады. Айтуларынша, Адиса ұстаздың сабағы ешқашан дәстүрлі форматпен шектелген емес.
ЗАБИРА ТӨЛЕШБАЕВА, №23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Олимпиадаға балаларды дайындаған кезде де, енді бір күндік жұмыс емес қой. Үнемі жанына отырғызып, қадағалап, соңына дейін жеткізеді. Қалалық білім бөлімінің өтінішімен қаланың оқушыларын олимпиадаға да балаларды дайындаған болатын. Нендей жұмыс алса да соңына дейін жеткізбей қоймайтын табандылығы бар»
Заманауи ұстаз – білім беру саласында инновациялық әдістерді қолданатын, жаңа технологияларды меңгерген, өзін үнемі жетілдіріп отыратын тұлға дейді Аниса Абашқызы. Әр мұғалім XXI ғасырға сай білім бере алатын қабілетке ие болуы керек деп санайды.