Мемлекет 2 бөлмелі пәтердің орнына 1 бөлмелі баспана берді. Осылай деп, арнамызға арызын арқалап келген Оразалы Бектұрсынов 6 жылдан бері шындыққа жете алмай жүргенін айтады. Осы уақытқа дейін бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған қала тұрғынын әріптесім Гүлнара Асқарқызы тыңдап көрген еді. Мән-жайды сюжеттен білейік.
 2009 жылы үй кезегіне тұрған Оразалы Бектұрсыновқа 10 жылдан кейін баспана бұйырыпты. Алайда, 2 бөлмелі деген пәтердің орнына 1 бөлме берілген. Сотқа жүгініп, министрлікке дейін барғаныммен шындыққа жете алмадым, дейді 79 жастағы қария.
 Қала тұрғынының арызы бойынша тұрғын үй басқармасына хабарластық. Сөзімізді тыңдап болған соң, сұхбатқа келіскен бөлім басшысының жауабы мынадай болды.
Қорғасын зауытында істеп, зейнетке шыққан Еңбек ардагері қазір жалғыз тұрады екен. 2 қызы тұрмыста, баласы енші алып бөлек шығыпты. Қараусыз қалған қарт антисанитариялық жағдайда өмір сүріп жатыр. Кейде тұрмыстық техникаларды сөндірмей ұйықтап қалатын күндері де болады екен. Құлағы естімегендіктен ақсақал көршілерінің дабылын ескерусіз қалдыратын көрінеді.
 Қарияның жағдайынан хабардар болған Абай ауданы әкімдігі әлеуметтік қызмет түрін тағайындауға негіз жоғын айтады. Өйткені, қыздары көмекке келіп тұрады. Алайда қария бауыр еті балаларын үйіне мүлдем жолатқысы жоқ.
 Шағымымды тыңдар құлақ табылмады деген Оразалы Бектұрсынов әкімдік 1 бөлмелі баспанамды жер үйге ауыстырып берсе, дейді. Алайда қарияның бұл өтініші қанағаттандырусыз қалатын түрі бар. Заң талабы бойынша қала тұрғыны тиісті үймен қамтамасыз етілгенін жауапты басқарма өкілдері алға тартып отыр.