Диспетчерлік қызмет орталығының мамандары жұмыстан қысқартылмайды. Тек арадағы келісім шарт негізінде "Автобус" компаниясына ауысады. Мұндағы мақсат тұтынушылардың жол ақысын тексеретін бақылаушыларды бір арнаға топтастыру. Яғни, бұдан былай қоғамдық көліктердегі төлем тексерісін тек "Автобус" компаниясы ғана жүргізеді.
Осыдан бірнеше күн бұрын Диспетчерлік орталық қызметкерлері дабыл қағып, "жұмыстан айырылып қаламыз ба" деп алаңдайтындарын жеткізген. Осыған орай, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов арнайы мәлімдеме жасап, арнамызға сұхбат берді. Айтуынша, ешкім жұмыстан шеттетілмейді. Басқарма мен компания арасындағы келісім шарт негізінде қызметкерлер жұмысын «Автобус» компаниясында жалғастырады.

 Осыған дейін қызмет көрсетіп келген «Төлем» компаниясы жұмысын тоқтатқаны белгілі. Осыған орай «Автобус» компаниясының бақылаушылары қоғамдық көліктерді тексеру барысында «Төлем» картасын жаңа картаға ауыстырып жүр.

 Былаушылар екі ауысым негізінде қызмет атқарады. Түске дейін бір топ жұмыс істесе, екінші топ кешке дейін бақылау жасайды. Арнайы құрылғы көмегімен жолаушылардың төлем жасағанын не жасамағанын анықтап, қадағалау жұмыстарын жүргізеді.

 ГҮЛЖАМАЛ НҰРСЕЙІТОВА, БАҚЫЛАУШЫ 

– «Бірінші смен 7:00 – ден 14:00 – ге дейін істейді, ал екінші смен 14:00 – 20:00 – ге дейін істейді.» - – Жасыл төлем карталарын автобус карталарына ауыстырып береміз. Тегін. Қазірдің өзінде біршама картаны таратып тастадық.» -

Жолаушылардың тексеріс қызметіне көңілі толады. Осылай деген қала тұрғыны Бибігүл Тайшабарқызы бақылаушылар жұмысы жүйелі екенін алға тартады.

Жолаушылардың төлем жасаған жасамағаны, қанша тұтынушының кюар код негізінде төлегенін жүргізуші алдындағы арнайы құрылғы да есепке алып отырады.