Бұдан соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен қалалық әкімдікте көшпелі кеңес өтті. Онда өңірлік даму мәселелері және қаланың агломерациясын дамытудың кешенді жоспары талқыланды. Мегаполистің агломерациясын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын, «Халық қатысатын бюджет» жобасының жүзеге асырылуын қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов баяндады.
Шымкент агломерациясы аумағына Шымкент қаласы және Түркістан облысының 6 ауданы кіреді. Аймақта халық саны 2 миллион адамды құрайды. Кешенді жоспардың мақсаты – Шымкент агломерациясын халықаралық логистикалық хаб, тұрақты және бәсекеге қабілетті өнеркәсіп және туризм орталығы ретінде дамыту болып табылады. “Кешенді жоспарды іске асыру арқылы өнеркәсіп өнім көлемі 25 пайызға ұлғайып, 1 триллион 500 миллиард теңгеге артады, тартылған инвестициялар 3 есе артып, 2 триллион 330 миллиард теңгеге жетеді. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 280 мың адамды құрайды. Жыл сайын 50 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендейді. Нәтижесінде, қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,6 триллион теңгеден 2029 жылға 8 триллион теңгеге дейін өседі. Кеңес барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шаралары талқыланды. Бүгінде қалада тозығы жеткен инженерлік жүйелерді жаңғырту бойынша монополист мекемелерге қойылатын талаптар күшейтілді. Ұлттық жоба аясында 429 шақырым электр энергиясы, 17 шақырым жылу, 454 шақырым су және 161 шақырым кәріз жүйелері жаңартылатын болады. Сонымен қатар түркиялық «AKSA energy» компаниясымен құны 700 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу жобасын іске асыру жоспарлануда.