Мектеп оқушысына үй тапсырмасын орындауға көмектескен шымкенттік күзетшінің білімі мен қамқорлығы көпшіліктің алғысы мен ілтипатына ие болды. Егде жасқа келген Жәнібек Қалдыбеков жұмыс уақытысы болса да бүлдіршінге бар ынтасымен математикалық амалдарды түсіндіріп, есеп шығаруға жәрдемдескен.
 Бұл оқиға түс қайта  мектептің шыға берсіндегі бөлмеде болған. Дәріс аяқталып осында анасын күтіп отырған  бастауыш сынып оқушысы бос кезін құр өткізбейін деп үй тапсырмасын орындауға кіріседі. Алғашында оның бұл әрекетін қызықтаған күзетші математикалық есепті бірге шығаруға кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалған.
ЖӘНІБЕК ҚАЛДЫБЕКОВ, МЕКТЕП КҮЗЕТШІСІ
Баяғы біздің есепке сай келеді екен. Екеуіміз таласып кеттік қой мынадай болады, мынадай болады деп. Есімде бар еді сондайлар. Сөйтіп өзімді сынап көрдім. Сөйтсем әлі де есімде бар екен таблицалар.
Бөтен болса да үлкеннің қамқорлығын сезінген Әли Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінің үшінші сыныбында оқиды. Сол күнгі оқиғаның ертеңіне  математикадан үздік баға алған ол  күзетші ұстазына дән риза.
 ӘЛИ СЕРІК, 3 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
Есептерді түсінбей жатқанымды көргенде ол маған көмектесті. Қосу және көбейту тәсілін  үйретті. Келесі күні мен бестік баға алдым.
 63 жастағы  азамат мектеп күзетшісі қызметіне жуырда ғана қабылданыпты. Бұған дейін ол 40 жылға жуық уақыт автокөлік жүргізушісі болған.  Жаны ізгі азамат күнде таңертең балаларды мейірленіп қарсы алады, қамқорлықпен үйлеріне шығарып салады.
Әлеуметтік желідегі ерекше видеоны таспаға түсірген Думан Әсембек. Ол осы мектепте директордың орынбасары болып қызмет атқарады.  
 ДУМАН ӘСЕМБЕК, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірінші өзімнің «Тик-ток» парақшама жариялап едім. Ол жақта да көптеген қаралым жинады. Негізгі мақсат адами құндылықтар, ізгілік, жанашырлық таратуға  лайық деп ойлаймын. Адамдар үлгі алып,  жылы ілтипат сезімдерін көрсетіп жатса қуаныш емес пе!
 Жәнібек Қалдыбеков балаларға ғана емес, төңірегіне де мейірім мен шуақ шашып жүретін азамат. Жұмыстан бос кезде автокөлігімен  жолаушы тасымалдап қосымша пайда табады. Ал әр аптаның жұмасында жолда қол көтеріп тұрған қала тұрғындарын көлігіне отырғызып алып, айтқан жеріне тегін жеткізіп салады.