Ұмыт болып бара жатқан Ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасында өткен қалалық спартакиадаға бүлдіршіндермен қатар ата-аналар да қатысып, белсенділік танытты. Сондай-ақ сайыс алаңынан табылған тәрбиешілер де намысты қолдан бермеуге тырысты.

 «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған спартакиадада ұмыт болып бара жатқан бесатар, шертпек, бестемше, бескеней сынды ұлттық ойындар ойнатылды. Сайысқа 100-ден астам тәрбиеші мен 40-қа жуық ата-ана, 94 бүлдіршін қатысты.
2023 жылдан бастап балабақша бағдарламасына енгізілген бұл ойын түрлері бүлдіршіндердің саусақ моторикасын дамытып, ойлау қабілетінің қалыптасуына ықпал етпек. Бүгінде ұлттық ойындар үйірмесіне 300-ге жуық тәрбеленуші қатысып жүр екен. Оларды арнайы курстан өтіп, сертификатталған дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушылар жаттықтыруда.  

 Балабақша бүлдіршіндерінің ұлттық ойындарға деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Оған бірден-бір дәлел бүгінгі жарыс. Бұл ретте, ата-аналардың да белсенділігін байқауға болады. Оларға бағыт-бағдар беріп, алдарына жан салмай жүрген жетекшілердің еңбегін ерекше атап айтпасқа болмас.

Спартакиаданы өткізудегі басты мақсат – салауатты өмір салтын ұлттық спорт арқылы насихаттау. Осы орайда, жас буынның ұлттық ойындарға  деген қызығушылығын арттыруды көздеген ұйымдастырушылар үздік зияткер педагогтерді де анықтамақ.