Қоғамда адалдық пен әділдік қағидаларын нығайту мақсатында қаладағы мешіттерде сыбайлас жемқорлықтың зардабы туралы арнайы уағыз айтылды. Бұл іс-шара Антикордың ұйымдастыруымен бір мезетте 100-ден аса құлшылық орнында өткізілді.
Ислам діні әділдікті, тазалықты және адал еңбекті насихаттайды. Осы орайда мешіт имамдары жамағатқа парақорлық пен жемқорлықтың қоғамға тигізер зиянын, адал табыстың берекесін және әділдіктің маңызын түсіндірді.
Сыбайлас жемқорлық тек қана мемлекеттік жүйеге емес, қарапайым халықтың өміріне де зиянын тигізеді. Ол елдің дамуын тежеп, әлеуметтік әділетсіздікке алып келеді. Имамдар өз уағыздарында жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың парызы екенін баса айтты. Құран мен хадистерден парақорлыққа қарсы тұру қажеттігін дәлелдейтін мысалдар келтірді. Жиналған жамағат уағызға құлақ түріп, көкейіндегі сұрақтарға жауап алды.
Бір мезетте 100 аса мешітте айтылған уағыз жемқорлыққа қарсы күресте рухани тәрбиенің маңызын көрсетті. Ислам діні әділдікке, тазалыққа және адал өмір сүруге шақырады. Сондықтан осындай іс-шаралар қоғамда парақорлыққа деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Әрбір азамат адалдықты ұстанып, әділдікті қолдаса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.