Гандбол спортымен таныссыз ба? Бір қарағанда футболға ұқсас ойын шетелде аса танымал. Елімізде кейінгі жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Қызығушылық танытушылар да көбейген. Тіпті отандық спортшылар әлемдік ареналарға жолда алып, жаһанның маңдай алды клубтарда өнер көрсетіп жүр. Соның бірі, жерлесіміз – Руслан Жүнісбеков. Тәжірибелі маман бүгін арнайы Шымкентке келіп, жергілікті спортшыларға шеберлік сағатын өтті.


Руслан қол добына 14 жасында келген. Бойы сұңғақ, тәні шымыр жеткіншекті гандболдағы ширақ қимылдар мен асау қақтығыстар баурған. 22 жылдық мансабында ол Қазақстан, Ресей және Франция чемпионаттарында топ жарып, үздік атанған. Шетелдік скауттар қызығушылық танытып, беделді клубтардан шақырту келген. Қазір ол Францияның «Аркашон-Ла-Тест-де-Бюш» клубында өнер көрсетеді. Руслан жерлестерімен емене-жарқын сұхбат құрып, жергілікті гандболшылармен тәжірибе алмасты.


РУСЛАН ЖҮНІСБЕКОВ, СПОРТШЫ

 – «Бұл бірінші ұсыныс. Туып-өскен қалам мені бірінші рет шақырып отыр. Жастарға гандболдың қыр-сырын үйрету үшін шақырғанына мен өте қуаныштымын. Осындай жиындар болып тұрса мен ашықпын ондайға» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

«Футболға допқа қол тигізуге болмайды. Бұл тәртіп бұзушылық. Ал гандболдың ережесі керісінше. Мұнда допқа аяқ тігізуге болмайды. Әрине, басты мақсат гол соғу. Бірақ, мұнда допты аяқпен емес, қолмен бағыттайды.»


Қазір елімізде гандболдан екі деңгейлі лига жұмыс істейді. Екеуінде де шымкенттік спортшылар бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, былтыр ерлер құрамасы Жоғары лигада 1 орын, Суперлигада 2 орын еншілеген. Әйелдер құрамасының көрсеткіші де дәл осындай. Тұрсын Ахметовтың сөзінше, клуб қатарында шетелдік лигонерлер жоқ. Бәрі де жергілікті спортшылар. Мекеме басшысы Руслан Жүнісбековты шақырудағы мақсат – спортшыны клуб қатарына тарту екенін айтады.


 ТҰРСЫН АХМЕТОВ, «ШЫМКЕНТ» ОЙЫН ТҮРЛЕРІНЕН СПОРТ КЛУБЫ КММ ДИРЕКТОРЫ

– «Шақыртудағы басты мақсатымыз клуб қатарына шақыру. Бас жаттықтырушы ету. Бас бапкер етуге ниеттіміз.» 


Гандболдан ерлер арасындағы ұлттық құрама осыдан екі жыл бұрын жасақталған. Өкінішке қарай, қатарында Руслан Жүнісбеков жоқ. Тәжірибелі спортшы: «егер бас бапкер маған назар аударып, құрама қатарына шақырар болса ел намысын қорғауға әр кез дайынмын», - дейді.


РУСЛАН ЖҮНІСБЕКОВ, СПОРТШЫ

– «Францияда ойнап жатқан соң әзірге Шымкентке қайту жоспарымда жоқ. Бірақ, ұлттық құрамаға ашықпын. Бүгін шақырса бүгін баруға әзірмін. Бірақ, өкінішке орай 2022-ден бері мұндай ұсыныс түскен жоқ маған.» 


Тұрсын Ахметов жергілікті федерация тарапынан ұлттық құрамаға тиісті ұсыным беріп, Руслан Жүнісбековті шақыруға ниетті екендерін жеткізді. Сөзінше, құрама сапында шымкенттік 6 спортшы өнер көрсетеді. Былтыр әйелдер ұжымы ел намысын Азия чемпионатында қорғап, жүлделі үшінші орынға қол жеткізген.