Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасап, бала тәртібі мен іс-әрекетін бақылауға алу қажетін ескертті. Құзырлы орган кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту фактілерінің жиілегенін айтып, алаңдаушылық танытты.


 ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәлімдеуінше, биыл тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 Қазақстандық жасөспірім ұсталған. Олардың ішінде колледж студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осылай деген жауаптылар, есірткі қылмысы үшін жүктелетін жауапкершіліктің 16 жастан басталатынын ескертті. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ, есірткіні әлеуметтік желілер арқылы насихаттағаны мен жарнамалаған үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.