Жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар жаһандық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды. Әлем елдері бұл бағыттағы бәсекені күшейтіп жатқан тұста Шымкент те халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге қадам жасап келеді. Осы мақсатта қалаға Португалиядағы жетекші ғылыми-технологиялық орталықтың басшысы Эдуарду Коррейа ресми іссапармен келді. Шетелдік делегация Жұмабек Тәшенев университетінде болып, оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысты.
Сапар барысында делегация университет жанынан жаңадан ашылған ғылыми-инновациялық орталықтың жұмысымен танысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл орталық студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, инновациялық жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұнда идеяны тың жобаға айналдырып, ғылыми ізденістерді тәжірибемен ұштастыруға да болады. Қонақтарға орталықтың материалдық-техникалық базасы мен білім алушылардың ғылыми бастамалары таныстырылды.
ДӘУЛЕТ ДУШАБАЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жасанды интеллект бойынша біздің университетте дронның барлық түрі жабдықталған.Делегацияға соны таныстырамыз.Егер біздің жобаға қызығушылық танытса, олармен серіктестік орнатуға дайынбыз.
Жоғары оқу орнының зерттеу әлеуетіне жоғары баға берген Эдуарду Коррейа халықаралық ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасудың маңызы зор екенін атап өтті. Айтуынша, бірлескен ауқымды жобалар мен ғылыми интеграция екі тарап үшін де жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтпек.
ЭДУАРДУ КОРРЕЙА, «TAGUSPARK» ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКІНІҢ БАСШЫСЫ
Меніңше, мұндай кездесулер әлемді бір-біріне жақын ете түседі. Әртүрлі білім мен тәжірибені бір арнаға тоғыстырып, болашақты бірге қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндағы технологиялардың даму деңгейі маған үлкен әсер қалдырды. Әсіресе дрондардың жұмысын қызыға тамашаладым. Мен басқаратын орталықта да дәл осындай тәсілдер қолданылады. Осындай тәжірибе алмасу мен жаңа идеялармен бөлісу – бәріміз үшін үлкен мүмкіндік болды деп ойлаймын.
Португалиядағы «Тагушпарк» – жоғары технологиялық компаниялар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен халықаралық инвесторларды біріктіретін ірі инновациялық экожүйелердің бірі. Сондықтан бұл сапар екіжақты тәжірибе алмасумен қатар, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға тың серпін бермек.