Елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары әлі де көпті мазалап отыр. Белгі бермей дамитын дерт дендеп кетсе, арты үлкен қауіпке ұласуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын-алуда скринингтің маңызы зор екенін айтады. Мұны соңғы көрсеткіштер де растап отыр.


Өткен жылы елімізде 1 миллион 700 мыңнан астам адам арнайы скринингтен өткен. Нәтижесінде 114 мыңнан астам тұрғынның қан айналым жүйесінде кінәрат бары белгілі болды. Оның ішінде 99 мың адамға артирериялық гипертония, 15 мыңына жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған. Дерті жайлы дер кезінде білген науқастар қазір ем қабылдап жүр. Мамандар мұндай нәтижеге скрининг бағдарламасының жаңартылуы ықпал еткенін айтады. Себебі, өткен жылдан бастап тексеру заманауи диагностикалық әдістермен толықтырылып, ауруды ерте анықтау мүмкіндігі артқан.