Заманауи технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Жасанды интеллект бүгінде түрлі салаға еніп, мамандардың жұмысын жеңілдетіп келеді. Шымкентте ақылды көмекші арқылы жедел жәрдем бағытын бақылауға, жер асты құбырларындағы ақауларды анықтауға мүмкіндік бар. Тіпті жергілікті ғалымдар аудиториядағы студенттің көңіл-күйін анықтайтын жүйе әзірлеген.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мына жоба студенттің сабаққа қаншалықты қатысқанын, келген-келмегенін анықтайды. Аудиторияға орнатылған жасанды жүйе, студенттің эмоционалды көңіл-күйін де танып біле алады. Білім алушы сабақ барысында неге мұңайып отыр? Булинге ұшырады ма? Күдікті іс-әрекетті байқаса жүйе оны арнайы психологтар мен мамандарға жолдап, қауіптің алдын алады.


Жасанды интеллект бейнебақылау жүйесімен интеграцияланған. Енді камералар тек қауіпсіздікті бақылап қана қоймай, талдау жасау қызметін де атқарады. Жүйе адамның іс-әрекетін саралап, оған баға береді. Оқыс жағдайлардың алдын алып, төтенше жағдайда белгі береді. Сонымен қатар мұғалімнің жүктемесін азайтып, студенттердің сабаққа қатысу көрсеткішін анықтауға көмектеседі.


РАУАН ШЫРЫНБЕКОВ, М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Неге осы аудиториядағы қарапайым камераларға жасанды интеллект қосып, талдау жасайтын жоба әзірлемеске дедік. Студенттің түрін анықтайтын, сабаққа келген-келмегенін бақылайтын жүйе жасадық. Студенттер үш айдай уақыт ішінде жобаны құрастырып, қомақты нәтижелерге қол жеткізді.


Жоба әзірге пилоттық режимде екі аудиторияға орнатылған. Егер жүйе тиімділігін көрсетсе, университет кампусындағы барлық камералармен интеграцияланады. Шымкенттегі жасанды интеллект жетістіктері мұнымен шектелмейді. Мегаполисте жер асты құбырларын сырттай сканерлеп, ақауларын анықтайтын жүйе жұмыс істейді. Жыл басынан бері бірнеше құбырдағы ақауды дәл анықтаған. Сондай-ақ шымкенттіктер енді жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын телефон арқылы бақылай алады. Бұл жүйе әзірге еліміз бойынша тек Шымкент қаласында іске қосылған.


НҰРСҰЛТАН ХАЙБУЛЛА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өте тиімді жүйе! Жедел жәрдем шақырғаннан кейін келе жатыр ма, жолға шықты ма деп алаңдайтынбыз. Енді телефон арқылы қай жерде келе жатқанын көріп, тынышталамыз.


МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар диспетчерлік орталықтардың жұмысын жеңілдетеді. Оларға түсетін қоңыраулар санын да азайтады.


Шымкентте былтыр PLUS AI жобасы іске қосылды. Бұл - дәрігерлерге нақты диагноз қоюға көмектесетін интеллектуалды ассистент. Қазір жоба мегаполистегі 13 емханада жұмыс істеп тұр. Жүйе адами фактордың әсерін азайтып, қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.