Қазақ жетімі мен жесірін жолға тастамаған. Олардың көз жасына қалу – біздің тәрбиемізге жат нәрсе. Алайда соңғы жылдары тіпті бала тұрмақ, ата-анасынан безіп жатқан безбүйректер көп. Дей тұрғанмен, шымкенттік Ләззат Өтегенова әпкесінің қызынан жетім қалған екі немересін бауырына басып, асырап алған. Алайда екі жыл өтсе де «қамқоршы» деген құжат ала алмай жүргенін айтып, арнамызға арызданған еді. Қаламызда жаңадан құрылған Балалар құқығын қорғау басқармасы тұлымшағы желбіреген екі баланың мәселесін жеке бақылауына алды.


 Кішкентай Томиристің бар арманы – мектепке барып, білім алу. Ләззат апай оны бауырына басқанда небәрі 8 айлық шақалақ болған. Томирис пандемия кезінде әлсіз болып туған. Уақтылы емделмегендіктен, дерті асқынып кеткен. Ал Мирас үшінші сыныпқа өтіпті. Екеуін марқұм аналары кішкентайынан нағашы апасының қолына тастап, Астанаға жұмысқа кеткен. Табыс тауып, бала-шағамды асыраймын деп жүргенде кенеттен жол-көлік оқиғасынан мерт болған.


ЛӘЗЗАТ ӨТЕГЕНОВА, АСЫРАУШЫ
2 жылдан асты, бармаған жерім жоқ. Жұрттың бәрінің есігін қағып болдым. Бәрі әдемілеп шығарып салады: «Ертең келіңіз, бір-екі күні келіңіз» деп. Осы екі баланы әйтеуір асырап алып, мектепке жіберіп, балабақшаға жіберіп, кішкене тәрбиелесем деп едім. Бауырыма бастым, балаларын да бауырыма басқан едім. Екі баласын да бауырыма басып, өз баламдай көріп жатырмын. Соған кішкене құжатына көмектессеңіздер деп едім.


Ләззат Өтегенова екі жетімнің анасын 6 айлығында бауырына басқан. Енді сол қызының екі перзентін мәпелеп отыр. Талап бойынша бала асырап алушының тұрақты табысы, баспанасы, тіпті баланың өзінің бөлмесі болуы шарт. Одан бөлек, міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі тиіс. Осыны ескерген Ләззат апай үш айлық курс оқып алған. Елімізде бала асырап алу ережесінде басымдық ең алдымен туыстарына беріледі. Балалардың бірінің әкесі бар. Оны да тауып бердік. Дегенмен іс бір орнынан қозғалар емес, дейді.


АЙМАН АБДУЛЛАЕВА, ҚЫЗЫ
Осы әлі құжаттарын істей алмай жатырмыз. Барсақ: «Ертең келіңдер, арғы күні келіңдер» дейді. Екі жылдан асты. Міне, балаларды кеше 1 шілде күні тіркепті. Білім басқармасына жетім ретінде тіркеліп тұр. Оған дейін ешқандай жұмыс жасалмаған. Ешқандай нәрсе көрген жоқпыз, еш жақтан көмек ала алмаймыз. Біздің бұл жердегі бар ойымыз – мына балаларды уақтылы емдету. Уақтылы көрсету. Мектепке қабылдамайды, балабақшаға қабылдамайды. Қыздың денсаулығында ақау бар.


Бұған дейін «Қорғаншылық және қамқоршылық» орталығы Білім басқармасына қарап келген. Жақында жаңадан құрылған Балалар құқығын қорғау басқармасының қарауына өтті. Тұлымшағы желбіреген қос баланың мәселесі жіті бақылауға алынды. Ол оң шешімін табады дейді орталықтағылар.


ВЕНЕРА ДАНАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ҚОРҒАНШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ» ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өздеріңізге белгілі, Балалар құқығын қорғау басқармасы жақында ашылды. Аталған мәселе бойынша орталыққа тапсырылды. Отбасына алдағы уақытта көмек беріледі. Қорғаншылық бекітіліп берілетін болады. Қандай жағдай болғанда да сот тағайындап береді. Оған дейін сүйемелдеу жұмыстары біздің мекеменің атынан болады. Мәселе жоқ, алдағы уақытта бәрі шешіледі. Қолданыстағы заң аясында көмек берілетін болады.


Ләззат апай құжат рәсімдеуге шығарда өзінің 85 жастағы анасын шақырып алады. Кейуана шөберелеріне бас-көз болып отырады. Кейде сол кісінің пенсиясына иек артамыз, дейді ол. Тұлымшағы желбіреп, томпаңдаған қос перзентке аналық мейірімін төгіп отырған кейіпкеріміздің бар арманы – «қамқоршы» деген бір жапырақ қағаз ғана.