Әуезді ән мен ұлттық өнер тоғысқан мерекелік кеш Түркістан төрін әнге бөледі. Рухани астанада өткен «Түркістан әуендері» концерті қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар халық әндерін, патриоттық және заманауи туындыларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ашық аспан астында өткен мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, өнерпаздарға қошемет көрсетті. Рухани құндылықтарды дәріптеген шығармалар көрерменнің көңілінен шығып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырды.
СҰЛТАНМҰРАТ ТҰРҒАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Құрметті түркістандықтар, осындай мерекелік концерттерге жиі келіп тұрыңыздар. Барлығы тегін ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта да осындай әсем кештер жиі өтеді деп сенемін. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет!
«Жасанды көл» саябағында өткен концерт тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қаланың мәдени өмірін жандандыруға арналды. Кеш барысында «Яссы» халықтық би ансамблі, «Семсер» және «Арнау» топтары, «Ай-Дана» дуэті сынды шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
РЕДЖЕП АРАЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қазақстанның, Түркістанның дамуына арналған осындай концерттер өте жақсы өтеді. Қай жерде концерт болса да, қатысуға тырысамын. Қазақстанның мәдениеті маған өте ұнайды.
Кеш барысында көрермендерге арналған викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл мерекелік кештің сәнін арттырып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.