Таза ауа, қолжетімді медицина және жаңа жұмыс орындары. Бұл – «Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары. Партияның Шымкент қаласындағы сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын ресми түрде бастады. Еліміздегі алғашқы экологиялық партия өңірлерді тұрақты дамыту мен «жасыл» экономиканы ілгерілетуді басты бағыт етіп отыр.
«Байтақ» партиясының жаңа штабында бас қосқан белсенділер мен кандидаттар алдағы сайлау науқанындағы негізгі міндеттерін айқындады. Партия атынан бұл сайлауда 47 кандидат бақ сынайды. Оның төртеуі шымкенттіктердің сеніміне ие болуды көздеп отыр. «Жасылдардың» басты бағыты – экологияны қорғау, халықты таза ауыз сумен және таза ауамен қамтамасыз ету, сондай-ақ «жасыл» экономиканы дамыту.
АЛТАЙ ОРДАБЕКОВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Үгіт-насихат жұмысы басталып қойды. Біз жұмадан бастап кірістік. Бүгін де кездесулер өтті, алдағы күндері де жалғасады. Желілік жоспарымыз толық бекітілді. Төрт үміткеріміз белсенділермен және тұрғындармен кездесулер өткізіп жатыр. Еңбек ұжымдарымен, жеке тұрғындармен және көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жүздесіп, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда.
Партия өкілдері Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын пысықтау мақсатында арнайы штаб отырысын өткізді. Жиында сайлауалды бағдарламаны таныстыру, үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру және еріктілердің қызметін тиімді үйлестіру мәселелері талқыланды.
САПАР ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Бүгін сіздер «Байтақ» жасылдар партиясының Шымкент қаласындағы сайлауалды үгіт-насихат штабының ашылуына куә болып отырсыздар. Партиямыздың «Таза ауа, таза су, таза жер, адамның таза қарым-қатынасы» деген экологиялық ұстанымы бар. Осы ұстаным аясында арнайы бағдарлама әзірленді. Бүгін штабтың алғашқы отырысын өткізіп, алдағы бір айға арналған жұмыс жоспарымызды толық бекіттік. Жалпы, біздің партия жас партиялардың бірі. Саяси науқанға қатысып жүргенімізге небәрі төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде партия бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарып, елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлесін қосып келеді.
Осылайша, партия өкілдері сайлауалды штабтың алғашқы отырысын қорытындылап, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуге және сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін жинауға кірісті.