Жеңіс тұғырына жетелейтін жол мектептен басталады. Шымкенттегі №140 «Келешек» мектебінде оқушыларға арналған заманауи күрес залы пайдалануға берілді. Енді жас спортшылар оқу мен жаттығуды қатар алып жүріп, ұлттық спорттың қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгеруге мүмкіндік алады.


 Қазақ үшін күрес - жай ғана спорт емес, ұлттың рухын, намысын танытатын өнер. Сондықтан жаңа залдың ашылуы жас буынға жасалған маңызды қолдау. Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұлттық спортты дамыту - дені сау әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің маңызды тетігі екенін айтты. Оның сөзінше, бозкілемде шыңдалған бала тәртіпке де, еңбекқорлыққа да ерте бейімделеді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі мына залды ашуға мүмкіндік беріп отырған Күрес федерациясына алғыс білдіреміз. Қазақта күрес өнері – бекзат өнер. Әу демейтін қазақ болмайтыны сияқты, күреспейтін қазақ та болмаған.


Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан күрес федерациясының бірлескен «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында жүзеге асты.


ЕРКІН ОҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Жан мен тән қатар дамуы керек. Білім бар жерде спорт болуы тиіс. Ал спорт бар жерде тәртіп пен жауапкершілік қалыптасады.


 Жаңа күрес залы халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқушылар күнделікті жаттығып қана қоймай, мектепішілік және қалалық жарыстарды да өткізе алады. Заманауи жабдықтар жас балуандардың шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа алғашқы қадам жасауына мүмкіндік береді.


ҚАЙРАТ БЕКМЫРЗА, СПОРТШЫ
 Мен кішкентай кезімнен күреспен айналысамын. Спортта жүргеніме сегіз жыл болды. Көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болдым. Осындай залдар көптеп ашылса, балалардың спортқа қызығушылығы одан әрі артады деп ойлаймын.


Күрес кілемі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Залды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге Қазақстан күрес федерациясы қолдау көрсеткен. Енді бұл білім ордасында оқушылар сабақтан кейін де жаттығып, ұлттық спорттың қыр-сырын меңгеріп, болашақ чемпион атануға жол ашады. Бозкілемде шыңдалған жас спортшылар алдағы уақытта қала мен ел намысын халықаралық додаларда қорғайды деген сенім зор.