«Шымқала кештері» жобасы қала тұрғындары мен қонақтарын әсем әнмен қауыштыруды жалғастырып келеді. Бұл жолы ашық аспан астындағы мәдени кеш «Этноауыл» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылды. Жанды дауыста шырқалған халық және эстрадалық әндер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кештің сәнін келтірді.


Концертті тамашалауға келгендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Гүлжамал Алиева. Бұған дейін бұл жобаны әлеуметтік желіден ғана көріп жүрген ол бұл жолы арнайы келіп, ерекше атмосфераның куәсі болды. Қонағымен бірге ұлттық нақыштағы ортада ән тыңдап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


 ГҮЛЖАМАЛ АЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Апта сайын интернеттен көретінмін. Келгім келетін, бірақ уақыт болмайтын. Бұл жолы Тараздан сіңлім қонаққа келген соң міндетті түрде Шымкенттің «Этноауылына» алып келіп, осындай әдемі ортада патриоттық әндерді тыңдатқым келді.


Бұл кеште «Этноауылға» жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Көрермендер текеметке жайғасып, өнерпаздардың жанды дауыста орындаған әндерін зор ықыласпен тыңдады. Кеш шымкенттіктермен қатар өзге өңірлерден келген қонақтардың да көңілінен шықты. Тараздық Қамшат Несіпбаева мұндай форматтағы мәдени кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.


ҚАМШАТ НЕСІПБАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Өз қаламыздағы этноауылдарға да барғанмын. Бірақ мұндағыдай текемет үстінде отырып, концерт тамашалау ерекше әсер сыйлады. Ұлттық болмысымызға жақын осындай ортада ән тыңдау жанға өте жылы әсер етеді. Керемет көңіл күймен қайтып барамын.


«Шымқала кештері» жобасы тұрғындардың мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, бос уақытты мазмұнды өткізуге де мүмкіндік беріп келеді. Бұл жолы «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары «Этноауыл» тарихи-мәдени кешенімен қатар «Shym City» саябағында да концерттік бағдарлама ұсынды.


ҚУАНЫШБЕК ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
 «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы ашық аспан астында жалғасып жатыр. Көрерменнің қызығушылығы күн сайын артып келеді. Бір-бірінен естіп келетін тұрғындар көбейіп жатыр. Сонымен қатар қаланың бірнеше саябағында осындай концерттер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.


 Айта кетейік, «Шымқала кештері» жобасы әр сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылады. Мәдени кештерде эстрада әншілерімен қатар театр әртістері де сахналық қойылымдарын ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап келеді.