Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков демалыс күндері шаһардағы бірқатар нысанды аралап, құрылысы жүріп жатқан жобалардың барысын тексерді. Алдымен ол Тұран-2 және Игілік шағынаудандарындағы жол құрылысының жай-күйімен танысты. Биыл бұл аумақтарда бірнеше көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Нәтижесінде жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен нормативтік талаптарға сәйкестендіріледі.
Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымдардың өкілдерімен құрылыстың қарқыны мен асфальт төсеу технологиясының сақталуын талқылады. Бұдан кейін Тұран ауданында салынып жатқан «BY Park Hotel» қонақ үйінің құрылысымен танысты. Инвестициялық жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Жоба қонақ үй инфрақұрылымын дамытуға және қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ қала әкімі Сәуле шағынауданындағы электр желілерінің құрылысы барысын да тексерді. Мұнда бес трансформаторлық қосалқы станция мен бір тарату пункті орнатылған. Қазіргі таңда трансформаторлық қосалқы станцияларға электр жүктемесін беру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Жаңа электр желісі іске қосылғаннан кейін шағынаудандағы мыңға жуық абонент сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.