Көлік өндірісі артты, бірақ оны несиеге алып, тізгіндейтіндер қатары азайды. Бүгінде отандық автоөнеркәсіп бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Алғашқы жарты жылдың өзінде елде 94 мыңнан астам су жаңа көлік шығып, өндіріс көлемі 35 пайызға бір-ақ артты. Дегенмен, зауыттар өнімді еселегенімен, халықтың несиеге көлік алу белсенділігі бәсеңдеген. Ұсыныс көбейгенде, автонесиеге сұраныс неге азайды? Саланы алда қандай жаңашылдықтар күтіп тұр? Әріптесім Аружан Самидин әңгімелейді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазақстанда темір тұлпарды несиеге тақымдайтындардың қатары күрт сиреді. Ұлттық банк дерегінше, жыл басынан бері өтініш білдіргендер саны 20 пайызға азайған. Себебі, қаржы ұйымдары несиені мақұлдау көрсеткішін 15 пайызға дейін төмендетіп, сұраушыға талапты күшейте бастады. Ал алдағы уақытта төлем қабілеті мен қарыз жүктемесін тексеру заң жүзінде қатаңдайтынын ескерсек, мұндай қомақты автонесиені алу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
- Жағдайы барлар алады ғой.Оны алу үшін кемі айлық табысың 500-600 мың теңге болу керек.Береді екен деп ала беретіндер көп.Кейін соғып алады, бірі тілін түсінеді, енді бірі түсінбейді.
- Барлығы көлік мектебіне оқуға келіп, права алғаннан кейін бірден көлік алғысы келеді.Бірақ, ол бәрінің қалтасын көтермейді.Сол үшін ойлаймын, аз ғана процентімен несие беруді қарастырса жақсы болар еді бізге.
- Көлікті қолма-қол ақшаға алған жақсы негізі.Бірақ, халықта ондай ақша жоқ қой.Сол үшін несиеге алады.Несие пайызы аз болса пайдасы көп.Өзіміз де несиеге алдық.
Соңғы уақытта елдегі автонесие нарығында бәсеңдеу байқалады. Жылдың алғашқы тоқсанында банктерге түскен өтініштер саны 11 пайызға азайып, берілген несиелердің жалпы көлемі қысқарған. Дегенмен сарапшылар мұны дағдарыс емес, нарықтың табиғи реттелуі деп бағалап отыр. Сұраныстың төмендеуіне, ең әуелі, қаржы ұйымдарының қарыз алушыларға қоятын талаптарын күшейтуі мен базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы себеп.
ӘДІЛЖАН АБДРАМАНОВ, АВТОКӨЛІК САЛОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазір банк тарапынан талап жоғары. Кез-келген адамға кредит шыға бермейді. Егер көліктің бағасы 7 миллион теңге болса, оны сатып алушы 7 жылға алса, банкке тағы 7 миллион теңге қосып төлейді.Себебі, банк пайыздық мөлшерлемені 24-25 пайызға көтерді.
Иә, егер бұған дейін автонесиенің азаюына сұраныстың төмендеуі себеп болса, қазір заңнамалық шектеулердің де салмағы сезіле бастады. Осы айдан бастап банктер клиенттің төлем қабілетін мұқият тексеретін ережелерді енгізді, ал келер жылы қарыз жүктемесін есептеу талаптары күшеймек. Оның үстіне көлікті несиеге алғандар қаражатты екі есе өтейтіндіктен, бұл жүйенің тиімділігі аз дейді,- мамандар.
АЙГЕРІМ АЙДАРБЕКОВА, ЭКОНОМИСТ
Автонесиенің төмендеуі ең алдымен автокөлік нарығындағы сатылымға әсер етеді.Бұл дилердің, сақтандыру компаниялардың, автокөлікке қатысты қызметердің белсенділігін төмендетуі мүмкін.Банк секторларында тұтынушылық несиелердің өсімі баяндауы ықтимал.Сондықтан автонесиені тұрақты табысы бар, отбасылық бюджеті жеткілікті азаматтар ғана несиені ойланып барып алу керек.
Отандық өндірісті өркендетіп, ішкі нарықтағы сұранысты арттыру үшін Үкімет автонесие беру талаптарын жеңілдетуді қарастырып отыр. Биыл тұрғындардың табысы мен қарызын таразылайтын борыштық жүктеме коэффициенті жойылуы мүмкін. Қазіргі тәртіп бойынша көлік кредиті айлық табыстың елу пайызынан аспауы керек болса, енді бұл тосқауыл алынып, жаңа көлік тізгіндегісі келетіндерге жол ашылмақ. Яғни шектеу жойылса, ресми айлығы шекті межеге жетпейтіндер мен мойнында өзге де міндеттемелері барлар несие ала алады.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ
Халық үшін автокөліктердің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта автонесие беру және лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғалар үшін автолизингті дамыту көзделіп отыр.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Отандық автоөнеркәсіп саласы соңғы жылдары тың серпін алып, қарқынды дамып келеді. Оған нақты дәйек те жоқ емес. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автомобиль құрастырылған болса, биылғы жылдың алғашқы алты айында 94 мың 400 көлік конвейерден шықты. Яғни өндіріс көлемі 35 пайызға артты. Тіпті, жақын арада елде тағы да үш шетелдік автокөлік өндірісі іске қосылмақ. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Қорыта айтқанда, өндіріс көлемінің артуы мен автонесие шарттарының жеңілдеуі өзара сабақтас үдеріс. Ал өнеркәсіп пен сұраныс қатар өссе, бұл жаңашылдық ел экономикасының дамуына оң әсер етпек.