Енді жұмыс берушілер өз кәсіпорнындағы еңбек тәуекелдерін бірнеше минуттың ішінде онлайн тексере алады. Қазақстанда еңбек дауларының алдын алып, қызметкерлердің құқығын қорғауға бағытталған «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» іске қосылды.
Жаңа модуль Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында әзірленіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде жұмыс істейді. Жүйе кәсіпорындардың еңбек және қаржылық жағдайын 23 негізгі көрсеткіш бойынша автоматты түрде бағалайды. Бағалау кезінде жалақының уақытылы төленуі, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдары, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар мен жарақаттану деңгейі назарға алынады. Бұл цифрлық құрал жұмыс берушілерге кемшілікті лезде анықтап, оларды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді. Ал қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі тұрақты еңбек ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.