Шымкентте жазғы мәдени маусымның көпшілік күткен жобаларының бірі – «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы жалғасуда. Бұл жолы Шымсити саябағы ән мен әуенге бөленді. «Қызғалдақ сарайының» өнерпаздары көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сүйікті әндерін тарту етті.

Ашық аспан астында өткен кеште халық әндері, қазақ эстрадасының таңдаулы шығармалары және заманауи туындылар шырқалды. Жанды дауыста орындалған әндер көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, саябаққа жиналған жұртшылық әнге қосылып, ерекше атмосфераны бірге сезінді.


ЕРБҰЛАН ЖАҚИЯЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Өте тамаша жиі келіп тұрамыз паркке. Концерт көріп қуанып қалдық.

 Концертке келген тұрғындар мұндай мәдени кештердің қала өміріне ерекше сән беретінін айтады. Әсіресе жазғы демалыс күндерін отбасымен бірге мазмұнды өткізуге мүмкіндік мол. Балалар би билеп, үлкендер сүйікті әндерін бірге шырқады.

МЫРЗАБАЙ ШАБДАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Керемет көңіл көтеретін кеш болып тұр. Керемет парк. Керемет сахна.

«Шымқала кештері» жобасы – тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық өнерді дәріптеп, шығармашылық ұжым мен көрермен арасын жақындата түскен игі бастама. Кештің сәнін келтірген өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

АБЗАЛ МОЛДАБЕКОВ, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР
Қаншама осы күнге дейін концерттер болып жатыр. Халықтың ықыласына бөленіп жатырмыз. Біз үшін сахна керек.

Шымкентте мәдени өмірдің ажарын аша түскен «Шымқала кештері» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Демалыс күндері ұйымдастырылатын концерттерде қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа шығармашылық бағдарламалар мен жарқын өнер кештері күтеді.