Шымкенттегі медициналық ұйымдардың ғимараттарына 2700-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл медицина қызметкерлері мен науқастардың қауіпсіздігін қатар қамтамасыз етеді. Сондай-ақ енді жедел жәрдем қызметкерлері де полицейлер секілді кеудесіне бейнежетон тағып жүреді. Оған GPS навигация жүйесі орнатылған. Осы арқылы медициналық бригаданың шақырту орнына қанша уақытта жеткені, қандай жылдамдықпен қозғалғаны бақыланады. Құрылғының дыбыс жазу мүмкіндігі де бар. Яғни маманның науқаспен қалай сөйлескені, этика талаптарын сақтаған-сақтамағаны, ем-домды қаншалықты сапалы көрсеткені де қадағаланады.
Кейде науқастың туыстары қызбалыққа салынып, фельдшердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Тіпті күш қолданып, жұдырық та кезейтін жағдайлар кездеседі. Мұндай сәтте маманға жетондағы SOS батырмасын басуға мүмкіндік бола бермейді. Ондай жағдайда «Көмек!» деп айқайласа жеткілікті. Жасанды интеллект жақын маңдағы полиция экипажына автоматты түрде белгі беріп, жедел көмек қажет екенін хабарлайды.
ТАЛҒАТ ДӘУРЕНБАЙ, АҒА ФЕЛЬДШЕР
Медицина қызметкерінің өміріне қауіп төнсе, батырманы іздеп басып жүрудің қажеті жоқ. “Көмек!” деп айқайласа, біз жақын маңдағы полиция экипажын жібереміз.
Бұл - қажеттіліктен туындаған шешім. Өйткені жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар әлі де тыйылмай отыр. Жаңа жүйе мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алып, медицина мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ГҮЛНӘР ҚҰРМАНБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Өткен жылы біздің қызметкерлерге қатысты 6 шабуыл тіркелді. Ал биыл жыл басынан бері мұндай 2 дерек анықталды. 01:43–02:09 Науқас немесе оның туыстары медицина қызметкерлері тиісті көмек көрсетпеді деп шағымданса, бейнежетондағы жазбаны қарап, жағдайды жан-жақты зерделейміз. Егер маман тарапынан қателік анықталса, тиісті шара қолданылады.
Денсаулық сақтау басқармасы «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында бейнебақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді. Айта кетейік, терроризм тұрғысынан осал санатқа жататын 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған.