Еліміздегі перзентханаларда ауқымды тексеріс басталады. Денсаулық сақтау министрлігі аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында босандыру қызметін көрсететін барлық медициналық ұйымның жұмысын жіті бақылауға алды.


 Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес, 15 тамызға дейін 69 медициналық ұйымда кешенді тексеру жүргізіледі. Негізгі назар санитариялық талаптардың сақталуы мен инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігіне аударылады.Тексерісті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары жүргізіп, медициналық ұйымдардағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын бағалайды.


АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ
Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді.