Шымкент гарнизонының сарбаздары әскери спорттағы жоғары дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған «Сарбаз Олимпиадасында» олар жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Жауынгерлік шеберлік пен командалық рух сынға түскен тартысты дода туралы тілші баяндайды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған іріктеу чемпионатына өңірдегі әртүрлі гарнизондардан 14 команда, 322 сарбаз қатысты. Бірнеше күнге созылған жарыста әскери қызметшілердің күш-қайраты, төзімділігі, ептілігі мен командалық үйлесімі сыналды. Қатысушылар армиялық жекпе-жек, әскери көпсайыс, волейбол, бірыңғай кедергілер жолағынан өту және шахматтан өзара мықтыны анықтады.
СЕЙТКӘРІМ ЖАНСЕЙІТҚОЖА, 35748 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ДЕНЕ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ СПОРТ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Командалық есепте екінші орын иеленді. Біздің сарбаздарымыздың мықты екенін дәлелдеп келдік. Іріктеуден өткен сарбаздар құрлық әскерлерінің чемпионатына қатысады.
35748 әскери бөлімінің сарбаздары жарыстың әр кезеңінде жоғары дайындықтарын паш етті. Әскери-қолданбалы сайыстарда ептілігімен ерекшеленсе, командалық ойындарда ұйымшылдық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Мұндай жарыстар жауынгерлердің дене дайындығын шыңдап қана қоймай, әскери ұжымдар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеуге мүмкіндік береді.
Тартысқа толы дода қорытындысында Тараз гарнизонының 85395 әскери бөлімі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Шымкент гарнизонының 35748 әскери бөлімінің сарбаздары табандылық пен жоғары әскери дайындықтың арқасында жүлделі ІІ орынды иеленді. Үздік үштікті Жаркент гарнизонының 74261 әскери бөлімінің командасы түйіндеді. Енді іріктеуден сүрінбей өткен үздік сарбаздар Құрлық әскерлерінің республикалық чемпионатында бақ сынайды.