Шымкент қаласы жылдан-жылға дамып, мегаполисте жаңа шағынаудандар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Бұл үдерісте жер ресурстарын тиімді пайдаланып, заңсыз құрылыстарды реттеу – маңызды міндет. Себебі, шаһардың қарқынды өсуі жер қатынастарына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді шешуді талап етеді. Қаланың келбетін айқындайтын жобалар мен жыл бойы атқарылған жұмыстар бүгінгі өткен брифинг барысында кеңінен талқыланды.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Шымшаһарда жыл басынан бері 22 мыңнан астам тұрғынның жерге қатысты мәселесі оң шешімін тапты. Бірі жылдар бойы күткен құжатына қол жеткізсе, енді бірі жерін жалға алу мерзімін ұзартты. Тиісті құжаты жоқ тұрғын үй мәселесі де бір жолға қойылды. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шаһарда заңсыз салынған 2 314 нысан анықталып, пайдалануға жарамсыз деп танылған 187 нысан сүрілді.


АЗАТ ИСЛАМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда құжатсыз салынған тұрғын үйлер анықталып жатыр.Яғни заңдастыру жүріп жатыр.Олардың саны бес аудан бойынша екі мыңнан асады.Бес аудан бойынша бес жұмысшы орны құрылып, олардың қатарында түрлі мамандар қосылған.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қаланың тынысын ашып, инфрақұрылымын заманауи ету де назардан тыс қалған жоқ. Мегаполисте 55 жер телімі мемлекетке қайтарылып, жер иелеріне 1 миллиард 422 миллион теңге өтемақы төленді.  Сонымен қатар заң талаптарын бұзған 52 учаске анықталып, арыз-шағымдар жауапты мекемеге жолданды.


АЗАТ ИСЛАМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Өткен жылы заңсыз деп берілген 150 гектар жер мемлекетке қайтарылды.Нарықтық құны 800 миллион теңгені құрайтын жерлер мемлекеттің меншігіне беріліп, осындай үнем тіркелді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Жер мәселесін ретке келтіру бағытында атқарылған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Заң талаптарының сақталуы – тұрғындардың құқығын қорғап, жаңа инфрақұрылымдардың бой көтеруіне жол ашады.